This site is in development — some features may not work fully yet.
Back to adapted texts
Кейігеннің жөні
B2 - Upper Intermediate · 187 words

Кейігеннің жөні

Audio player
0:00 --:--
Бір жылы ауданның бірінші басшысы аудан белсенділерін ауылдарға уәкіл етіп жіберді. Олардың міндеті – мал төлдету науқанын дұрыс ұйымдастыруға көмектесу. Сол уәкілдердің бірі Қапаз еді. Екі-үш күннен кейін аудан басшысының өзі ауылдардың жұмысын аралауға шығады. Жайлауда шаруаны ұйымдастырып жүрген кеңшар директоры және Қапазбен кездесіп, әрі қарай үшеуі бірге аралайды. Ауылдағы жұмыстың жақсы жолға қойылғанын көрген басшының көңілі көтеріледі. Алайда бір отардың арасынан төрт-бес қойдың өліп жатқанын көреді. Жағдайды сұрастырғанда, қойлардың бақылаусыз қалып, жемді шамадан тыс жегені, соның салдарынан өліп қалғаны анықталады. Бұл жағдай басшының көңілін түсіріп, ол ауыл директорына және ферма меңгерушісіне қатты кейістік білдіреді. Кеңшар басшылары қателіктерін мойындап, жағдайды түзейтіндерін айтады. Біраздан соң басшының ашуы басылып, ол бұрынғыдай қатты ұрыспай, ақыл-кеңес бере бастайды: – Ойламайсыңдар ғой,- дейді. Сол кезде булығып келе жатқан Қапаз: – Пәленшеке, сіз бұларға «ойламайсыңдар» деп кейімеңіз. «Айтқанды орындамадыңдар» деп кейіңіз. Ойлайтын бізде бір-ақ орган бар және ол – бірінші басшы ғой. Әрқайсымыз әр жерден ойлай берсек, жұмыс бола ма? Одан да бәріміз жұмылып, жұмысты тындырайық,- депті. Аудан басшысы ақылға байыпты, сөзге тоқтайтын адам екен. Сондықтан Қапаздың сөзін дұрыс түсініп, өзінің «ақылшы» бола бергенінің артық екенін сезеді де, әрі қарай сөзін тоқтатқан екен.
Берік Садыр «Ауылдың айтқыштары».