This site is in development — some features may not work fully yet.
Back to adapted texts
Қожа Насреддин ақылы
B2 - Upper Intermediate · 183 words

Қожа Насреддин ақылы

Audio player
0:00 --:--
Бірде Қожа Насыр жиналған жұртқа үгіт айту үшін мінбеге шығады. Ол халыққа қарап: - Халайық, менің не жайлы сөйлейін деп тұрғанымды білесіңдер ме? - деп сұрайды. Жұрт: - Жоқ, білмейміз! - деп жауап береді. Сонда Қожа Насыр: - Білмесеңдер, білмейтін нәрселеріңнің жайын қалай айтып беремін? - дейді де, мінбеден түсіп кетеді. Сосын жиналған ел өзара ақылдасып, Қожа Насыр осыны қайта сұраса, «Білеміз» деп жауап берейік деп келіседі. Содан Қожа Насыр екінші рет мінбеге шығып: - Халайық, менің қазір не жайлы сөйлейтінімді білесіңдер ме? - деп тағы да сұрайды. Бұл жолы жұрттың бәрі: - Білеміз! Білеміз! - деп жауап береді. Сонда Қожа Насыр: - Өздерің біліп тұрсаңдар, онда мен білетіндеріңді неменеге қайтадан айтамын? - дейді де, тағы да мінбеден түсіп кетіп қалады. Жұрт тағы да жауаптан қателестік деп, келесі жолы “Білетініміз де бар, білмейтініміз де бар” деп жауап беруге келіседі. Расында, Қожа Насыр үшінші рет халықтың алдына шығып, осы сұрағын қайтадан қояды. Ал халық: - Білетініміз де бар, білмейтініміз де бар, - деп жауап береді. Сонда Қожа Насыр: - Олай болса, білетіндерің білмейтіндерге үйретсін, білмейтіндерің білетіндеріңнен үйренсін! - дейді де мінбеден түсіп кетіп қалады.
А. Байтұрсынұлы. «А. Байтұрсынұлы шығармалары. Бірінші том». – Алматы: Ел-шежіре, 2013.