This site is in development — some features may not work fully yet.
Back to adapted texts
Есірік торғай
B1 - Intermediate · 186 words

Есірік торғай

Audio player
0:00 --:--
Құстардың патшасы қыран әр көктемде құстардың бәріне үлкен той жасайды. Сол әдетпен ол бір жылы барлық құсты тойға шақырады. Қыранның қызметкерлері келген құстарды ретімен отырғызады. Топ басшыларына құрметті орын беріледі. Торғайлар тойға ең соңында жетеді. Олар да өздеріне көрсетілген орынға отырады. Той ортасына жақындағанда, торғайлар есік жақта жалғыз отырған бір торғайды байқайды. Оның денесінде мамық жоқ, өзі тоңып отырады. Торғайлардың басшысы оған көмектесуді ұсынады. Содан кейін әр торғай өз денесінен бір мамықтан жұлып береді. Бәрінің көмегімен бұл торғай әдемі құсқа айналады. Тіпті, Қыран патшаның өзі оның сұлулығына таңғалып, қасына шақырып отырғызады. Құрметті орынға барған торғай енді өзін өзгелерден артық санай бастайды. «Патшаның өзі мені ұнатты, демек, мен бәрінен әдемімін», - деп ойлай бастайды. Ол жаңа ғана өзіне көмектескен туыстарына қарамай қояды. Торғайлардың бұған ашуы келеді. Дегенмен торғайлардың үлкендері: «Той үстінде ұрыс шығармайық, мерекенің аяқталғанын күтейік», - деп жастарды тоқтатады. Той бітеді, құстар кете бастайды. Бағанағы торғай жалғыз қалған кезде, туыстары жиналып, оның қасына келеді. Сосын әрқайсысы өздері берген мамықтарын қайтарып алады. Сөйтіп, әдемілігімен мақтанған торғай қайтадан мамықсыз қалады. Мұны көрген Қыран патша одан алыстайды. Соңында жалғыз қалған торғай өзіне жақсылық жасаған құстарды сыйламағандықтан, достарынан айырылғанын түсінеді.
moldir-bulak.kz (https://moldir-bulak.kz/?p=6267).