«Microsoft» компаниясына аула сыпырушы болып жұмысқа орналасқысы келген бір кісі компанияға келіп, кадр бөлімі қызметкерлерімен кездесіпті. Алдымен, оған бірнеше сұрақ қойып, тест өткізіпті. Содан кейін нәтижесін хабарлап, оны жұмысқа қабылдайтындарын айтыпты. Олар жұмыс кестесін e-mail арқылы жіберетіндіктен бұл кісінің электрондық поштасын сұрапты. Алайда бұл кісінің e-mail поштасы ғана емес, жеке компьютері де жоқ болып шығыпты. Компания қызметкерлері мұндай жағдайда оны жұмысқа орналастыра алмайтынын түсіндіріпті. Себебі компанияда қызметкерлермен байланыс орнату және жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін e-mail қолданылатынын айтыпты.
Болған жағдайдан кейін ол компьютер сатып алуға қажетті ақшаны табуға кіріседі. Қалтасында бар болғаны 30 доллар болыпты. Осы ақшаға фермерлерден 10 килограмм алма сатып алып, көшенің адамдар көп жүретін жеріне барып сата бастапты. Бірнеше сағаттың ішінде бастапқы ақшасы екі есеге көбейіпті. Саудасы біртіндеп жүріп, табысын он есеге дейін арттырыпты.
Бірнеше жыл өткен соң, ол көлік сатып алыпты. Кейін шағын дүңгіршек ашып, оны дүкенге айналдырыпты. Шамамен бес жылдан кейін супермаркеттер желісінің иесі атаныпты.
Кейін ол кәсібін сақтандыру мақсатында агенттікке барады. Сақтандыру агенті тиімді ұсыныстарды e-mail арқылы жіберу үшін оның электрондық поштасын сұрапты. Дегенмен оның жауабы бұрынғыдай компьютері де, e-mail поштасы да жоқ болып шығыпты.
Сақтандыру агенті: - Сондай үлкен кәсібіңіз бола тұра, жеке компьютеріңіз жоқ! Егер сізде компьютер болса, қандай нәрселерге қол жеткізер едіңіз?! - деп таңғалыпты. Сонда кәсіпкер: «Онда мен «Microsoft» компаниясының жай ғана аула сыпырушысы болатын едім», - деп жауап беріпті.