Бұрын бір бала күнінен бірге өскен екі дос егін егіп күн көрген екен. Бірі ерте үйленіп, бес ұл өсірген. Ұлдары егістік жұмысына көмектескен. Ал кеш үйленген досының балалары кішкентай болғандықтан, жұмысты әйелі екеуі істеген. Әдетте олар егін жақсы шыққанда «қырманды қандау» дәстүрін жасап, мал сойған.
Бір жылы егін жақсы шықпаған. Бес ұлдың әкесі бұл жолы мал соймай, ұлдарына егінді жинай салуды тапсырған. Мұны естіген екінші досы түн ішінде келіп, досының киіз үйін басқа жаққа бұрып қойған. Түнде сыртқа шықпақ болған үй иесі есікті таба алмай қалған. Әйелі шам жаққанда, есік басқа жаққа қарап тұрғанын көрген. Көршілер мұны белгі деп түсіндіріп, садақа беруге кеңес берген. Үй иесінің жалғыз атынан басқа малы жоқ екен. Алайда ол атын союға амалсыздан келіскен.
Атты құлатып, соймақшы болған кезде әйелі оның басын құшақтап жылаған. «Енді қалай күн көреміз?» деп үй иесі де жылаған. Бұны көріп тұрған досы шыдамай, киіз үйді өзі бұрғанын айтқан. Бұған досы қатты ренжіп: “Өлсең де, сені көрмеймін”, - деген. Жиналған жұрт оларды татуластырғысы келгенімен, екі дос ұзақ уақыт кездеспеген. Айлар, тіпті, жылдар өткен. Бірін-бірі сағынғанымен, екеуі де хабарласпаған.
Бір күні әзіл айтқыш досы әйеліне өзін өлген адам сияқты жатқызып, досына хабар беруді өтінген. Әйелі досына хабар жіберген. Хабарды естіген досы балаларымен бірге досының үйіне келген. Ол өтірік өлген адам сияқты жатқан досының бетінен сүйіп, кешірім сұрап жылаған. Сол кезде досы шыдамай тұрып кетіп, оның «өлсең де келмеймін» деген сөзін есіне салған. Солай екеуі құшақтасып, қайта татуласқан.