This site is in development — some features may not work fully yet.
Back to adapted texts
Жоғалған домбыра
B2 - Upper Intermediate · 281 words

Жоғалған домбыра

Audio player
0:00 --:--
1990 жылы Көкшетауда өткен Наурыз тойына мені арнайы шақырып, өлең айтқызды. Тойды ұйымдастыру ісінің басында сол кездегі педагогикалық колледждің директоры Мұрат Ыдырысов ағамыз жүрді. Ол кісіні туыстық жақындығымызға байланысты жездем деп әзілдейтінмін. Сахнаға шығарда Мұрат ағаның қолынан жап-жаңа домбырасын алдым. Аспаптың үні көңіліме қонып, өлеңім де әдемі шықты. Соңында домбыраның әніме жарасып тұрғанын айтып, жездем Наурызда маған сыйлай салса ғой дегенді әзіл аралас өлеңге қостым. Жұрт қатты күліп, қол соқты. Көңілі көтерілген Мұрат аға сахнаға шығып, ақ тілегін айтып, домбыраны маған сыйлады. Сол домбырамен кейін талай айтысқа қатыстым. Қолға алсам, даусы күш беріп жіберетін. Ақжолтай Ағыбай батырдың 190 жылдығына арналған айтыс Айыртауда өтті. Онда бас жүлдеге ақ боз ат мінгізді. Әдетте жүлдеге берілген атты ұстап, көпшілікке ризалық білдіріп қана қоятынмын. Бұл жолы жұрт қоймай атқа мінуімді сұрады. Үстімде шапан, басымда қалпақ, қолымда сүйікті домбырам бар. Атқа мінерде аспап кедергі болды. Қайда қоярымды білмей тұрғанымда, бір бала: «Аға, мен ұстай тұрайын!» - деді. Әдетте домбырамды ешкімге ұстатпайтынмын. Алайда салтанаттың қызуымен танымайтын балаға бере салдым. Атқа мініп, халыққа қол бұлғағанымда, жұрт ат үстінде отырып тағы өлең айтуымды өтінді. Көпшіліктің көңіліне қарап, домбырамды әкелуді сұрадым. Сөйтсек, домбыра да, оны алған бала да жоқ. Жұрт жан-жаққа жүгіріп іздегенімен, еш нәтиже шықпады. Менің ішім удай ашыды. Біреулер «Ырымдап алған шығар» деп жатты. Ал мен «Ұрлап ырымдай ма екен?» - деп, қимас аспабымнан айырылғаныма өкіндім. Сөйтіп, Мұрат ағам сыйлаған домбыра жоғалды. Біраз уақыт бойы көңіліме қонатын домбыра таба алмай жүрдім. Кейін Алматыдағы бір айтыста «Алматы ақшамы» газетінің жүлдесі ретінде редактор Ерғали Сағатов ағамыз маған ақ домбыра сыйлады. Оның да дауысы тамаша болып шықты. Айтыс өнерін қойғанға дейін сол аспапты пайдаланып, талай жерге алып бардым. Ол домбыра әлі күнге үйімде тұр. Ал жоғалған домбыра туралы оқиға есімде қалды.
Баянғали Әлімжанов. «Шығармалар», 302–303-б.