This site is in development — some features may not work fully yet.
Back to texts
Жасанды дос. Екінші бөлім. Санжар
B2 - Upper Intermediate · 380 words

Жасанды дос. Екінші бөлім. Санжар

Audio player
0:00 --:--
Санжар биыл оқуға түсіп, Қостанайдан Алматыға пойызбен келді. Екі күндік сапар оны әбден қалжыратса да, Санжар еңсесін түсірмеді. Бала кезінен танитын досы, туыс бауыры Айбек екеуі бірге пәтер жалдап, әрбір қиындықты бірлесіп жеңуге бел буды. Алғашқы екі ай көп қиындық әкелді. Пәтердің ақшасын төлеп қойғаннан кейін иесі: «Ойбай, Алматыға студенттер ағылып келіп жатыр, тағы жиырма мың беріңдер», – деді кенеттен. Амал жоқ, екі студент бала қалталарындағы аз ақшаның тағы бір бөлігінен айырылды. Алматы Қостанайға қарағанда әлдеқайда қымбат қала еді. Санжар жұмыс іздеуге кірісіп кетті, Айбек болса әкесінен қаражат сұрап, сонымен күнелтті. Алғашқы шәкіртақыларын алғаннан кейін жағдай аздап түзелді. Санжар үйге еден жуатын сұйықтық, электр шәйнек секілді біраз керек-жарақ алды. Айбек екеуі ақша қосып, пәтерді төлеп, тіпті екі күнге Шымбұлаққа барып демалып келді. Санжар жұмысында жарты күнге ауысты да, сабағына ден қойды. Емтихан жақындаған кезде Санжар Айбектің көңілі түсіп жүргенін алғаш рет байқады. Бұған дейін досы қабағын түйсе, «жаңа қалаға үйренісіп жүрген болар» деп қолын бір сілтейтін Санжар осы жолы жағдайдың мүлде басқа екенін түсінді. Айбек бөлмесінен шықпайтын болды. Қолынан телефонын тастамайды. «Интернетке ақша саламын» деп шәкіртақысының едәуір бөлігін белгісіз бір сайттарға жұмсап отырады. Санжар бүгін Айбекпен сөйлеспек болды, бірақ Айбек еш көңіл бөлмеді. Сондықтан Санжар телефонын алып, жасанды интеллектімен сөйлесе бастады. Досының жағдайын сипаттады. «Мұның себебі әрқилы болуы мүмкін, – деді жасанды интеллект. – Біріншіден, досыңыз, әрине, жаңа ортаға үйрене алмай жүр. Мұндай жағдайда кейбір адамдар интернетте сая табады. Досыңыз соңғы кезде белгісіз себеппен көп ақша жұмсап жүр ме?» Соңында жасанды интеллектінің берген «диагнозы» интернет-тәуелділік болып шықты. Онлайн-казино жайлы пікір де болды, бірақ Санжардың оған сенгісі келмеді. «Ал енді не істеймін? Досымды бұл тәуелділіктен қалай құтқарамын?» «Мойыма, – деп жұбатты жасанды интеллект. – Досыңа көмектесудің жолы көп. Мысалы, оны қыдыруға алып шық. Басқа адамдармен таныстыр, киноға барыңдар, қала сыртына шығып келіңдер. Бастысы – досыңмен сөйлес». «Ол маған тіпті назар аудармайды да. Қолына телефонын алып алған, күнде сонымен сөйлесіп жатады, түнгі үшке дейін ұйықтамайды». «Жағдай қиын екен, – деп күрсінді жасанды интеллект. – Психологтың көмегі қажет. Қаласаң, Алматыдағы жақсы мамандардың сайттарына сілтеме бере аламын». Санжар бұған ашуланды. Жалпылама кеңес емес, шын көмек күткен еді. Психолог маманға жүгіну өзінің ойына да келген, бірақ оған төлейтін ақша да, бөлетін уақыт та жоқ еді. Айбектің бөлмесінің жабық тұрған есігіне бір көз салып, Санжар өзі де бүркеніп жатып алды да, телефонынан күлкілі видеолар тамашалай бастады.