Kazakh Text
Қазақстанды картадан көргенде, оның көлеміне таңғалмау қиын. Аумағы 2,7 миллион шаршы километрге жуық бұл ел – әлемдегі аумағы бойынша тоғызыншы мемлекет. Қазақстанның жері соншалықты кең, оның батысынан шығысына дейінгі қашықтық шамамен 3 мың километрге жетеді. Бір елдің ішінде шөл де, тау да, дала да, көл де бар.
Елдің көлемін елестету қиын болса, былай ойлап көріңіз: Қазақстанның аумағына бірнеше Еуропа елін қатар орналастыруға болады. Бір қаладан екінші қалаға ұшақпен бірнеше сағат ұшып, әлі де сол бір елдің ішінде жүре аласыз.
Бірақ Қазақстанның қызығы оның көлемімен ғана шектелмейді. Бұл елде әлемдегі ең ірі көлдердің бірі, Орталық Азиядағы ең биік шыңдардың бірі және ерекше табиғи нысандар өте көп.
Ең үлкен көл – Каспий теңізі
Қазақстанның батысында алып Каспий теңізі орналасқан. Аты «теңіз» болғанымен, географиялық тұрғыдан ол – әлемдегі ең үлкен тұйық көл.
Каспийдің тағы бір ерекшелігі – мұнда бекіре тұқымдас балықтар мекендейді. Сондықтан бұл аймақ табиғи байлығымен де танымал.
Ең биік нүкте – Хан Тәңірі
Қазақстандағы ең биік шың – Хан Тәңірі. Оның биіктігі мұз жамылғысын қоса есептегенде 7 010 метр.
Хан Тәңірі Тянь-Шань тау жүйесінде орналасқан. Оның атауы «Аспанның ханы» деген мағынаны білдіреді. Шың алыстан қарағанда ерекше әдемі көрінеді: күн батқан кезде оның мәрмәр түсті шыңын қызғылт жарық басады. Бұл тау альпинистер үшін де өте маңызды. Хан Тәңіріне шығу оңай емес. Биік тауларға тән суық ауа, қатты жел және мұзды беткейлер саяхатшылардан үлкен дайындықты талап етеді.
Қазақстанның шөлдері
Қазақстанда биік таулар ғана емес, кең шөлдер де бар. Бетпақдала, Қызылқұм, Мойынқұм сияқты шөлді аймақтар елдің оңтүстігі мен орталық бөлігінде орналасқан.
Бір қызығы, шөл дегеніміз міндетті түрде құм ғана деген сөз емес. Кейбір шөлдерде тасты, сазды және өсімдігі сирек кең жазықтар кездеседі. Жаздың ыстығында бұл жерлердің температурасы өте жоғары. Бірақ шөл де тіршіліксіз емес. Мұнда түйе, қарақұйрық, түрлі бауырымен жорғалаушылар мен дала құстары өмір сүреді.
Ең ерекше көлдердің бірі – Балқаш
Балқаш көлі – Қазақстандағы ең қызықты табиғи нысандардың бірі. Оның басты ерекшелігі – көлдің бір бөлігі тұщы, ал екінші бөлігі тұздылау. Бұған көлдің географиялық құрылысы мен су алмасу ерекшеліктері әсер етеді. Балқашты екі түрлі табиғаттың бір көлде кездесуі деп айтуға болады. Көлдің жағасында құмды жерлер, қамысты алқаптар және таулы аймақтар кездеседі. Сондықтан Балқаш тек су айдыны емес, көптеген жануарлар мен құстар үшін маңызды мекен.
Ең ерекше табиғи орындардың бірі – Шарын
Алматы облысындағы Шарын шатқалы табиғаттың ерекше туындыларының бірі. Кей жерлерінде оның жартастары биік мұнараларға немесе көне қамалдарға ұқсайды. Шатқалмен жүргенде адам өзін Қазақстанда емес, басқа планетада жүргендей сезінуі мүмкін. Жел мен судың әсерінен миллиондаған жыл бойы қалыптасқан қызыл жартастар ерекше пішіндерге айналған.Сондықтан Шарынға барған туристердің ең жиі айтатын сөздерінің бірі – «Мұндай жер Қазақстанда бар екенін білмеппін!»
Ең кең дала
Қазақстанның басты символдарының бірі – оның кең даласы. Далаға шыққанда көкжиектің шеті көрінбейтіндей әсер пайда болады. Кейде жол бірнеше сағат бойы түзу созылып, айналада тек аспан мен дала ғана көрінеді. Бұл кеңістік қазақ халқының тарихымен де тығыз байланысты. Көшпелі халық үшін дала – жай ғана табиғи орта емес, өмір сүретін, мал бағатын, көшіп-қонатын үлкен кеңістік болған.
Бір елдегі таңғажайып әртүрлілік
Қазақстанның ерекшелігі – бір ғана рекордта емес. Бір елдің ішінде алып Каспий теңізі, мыңдаған метрлік таулар, шексіз дала, ыстық шөлдер, терең көлдер мен ерекше шатқалдар бар. Таңертең тауға қарап, түстен кейін көл жағасында, ал келесі күні шөлдің ортасында жүруіңіз мүмкін.
Қазақстан – көлемі үлкен ел ғана емес. Ол табиғатының әртүрлілігімен де таңғалдыратын ел. Мұнда «ең үлкен», «ең биік», «ең терең» деген сөздердің артында жай ғана сандар емес, ерекше тарихы мен табиғаты бар нысандар тұр.
Авторы: Гүлжиһан Көбденова