This site is in development — some features may not work fully yet.
Back to texts
Каспий теңізі – аты теңіз, өзі көл
B2 - Upper Intermediate · 261 words

Каспий теңізі – аты теңіз, өзі көл

Audio player
0:00 --:--
Қазақстанның батысында Каспий теңізі орналасқан. Атауы теңіз болғанымен, географтар оны әлемдегі ең үлкен тұйық көл деп атайды. Оның көлемін елестету үшін Каспийді кішкентай көлмен салыстыру мүмкін емес. Оның жағалауы Қазақстанмен бірге тағы төрт мемлекетке тиесілі: Ресей, Әзербайжан, Иран және Түрікменстан. Егер сіз Каспийдің бір жағасында тұрып, арғы жағына қарасаңыз, қарапайым көлдің ар жағындағы жағалауды көргендей болмайсыз. Кей жерлерде қарсы жағалау көзге де түспейді. Сондықтан оны көрген адам оның неге «теңіз» деп аталатынын оңай түсінеді. Каспий тек көлемімен ғана емес, табиғи байлығымен де ерекше. Оның суларында бекіре тұқымдас балықтардың бірнеше түрі мекендейді. Әсіресе бекіренің қара уылдырығы әлемге әйгілі. Сонымен қатар Каспийде тек осы аймақта кездесетін жануарлардың бірі – Каспий итбалығы өмір сүреді. Каспийдің табиғаты да әртүрлі. Қазақстан жағалауында кең жазықтар мен құмды жерлер кездеседі. Кейбір бөліктерінде су тайыз болса, басқа жерлерінде теңіз өте терең. Сондықтан бір ғана Каспийдің өзі бірнеше түрлі табиғи әлем сияқты көрінеді. Каспийдің тарихы да қызық. Ғасырлар бойы бұл су айдыны арқылы адамдар сауда жасап, бір елден екінші елге саяхаттаған. Оның жағасында әртүрлі халықтар өмір сүріп, мәдениеттер тоғысқан. Бүгінде Каспий Қазақстан үшін табиғи ресурс қана емес, туризм, балық шаруашылығы, көлік және экономика үшін маңызды аймақ. Ақтау қаласы Каспий жағасында орналасқан және Қазақстанның теңіз қақпасы ретінде белгілі. Каспийге алғаш келген шетелдік адам үшін ең әсерлі сәттердің бірі – жағалауда тұрып, көкжиекке қарау. Алдыңызда шексіз су, артыңызда кең дала. Сол кезде Қазақстан туралы қалыптасқан түсінік те өзгеруі мүмкін. Өйткені Қазақстанды көп адам тек кең дала, жылқы және таулармен елестетеді. Ал Каспийге келгенде бұл елдің тағы бір бейнесін көреді: Қазақстанның батысында кең дала да бар, толқынды теңіз де бар. Авторы: Гүлжиһан Көбденова