This site is in development — some features may not work fully yet.
Back to texts
Пойыз: жолдағы өмір
B2 - Upper Intermediate · 638 words

Пойыз: жолдағы өмір

Audio player
0:00 --:--
Қазақстанды пойызбен аралап көрдіңіз бе? Қазақстан сияқты аумағы үлкен елді пойызбен саяхаттау – жай ғана бір жерден екінші жерге жету емес. Бұл – жолдағы өмірмен танысу, жаңа адамдармен сөйлесу және терезе сыртындағы Қазақстанды көру. Бір пойыздың ішінде бірнеше қала, ондаған адам және жүздеген түрлі әңгіме тоғысады. Қазақстандағы пойыз сапары кейде бір-екі тәулікке, тіпті одан да ұзақ уақытқа созылады. Ал осы уақыт ішінде вагонның өзі кішкентай бір әлемге айналады. Жол басталды Пойыз станциядан баяу қозғалады. Алғашқы минуттарда терезеден қала көрінеді: үйлер, көшелер, көліктер, адамдар... Бірақ біраз уақыт өткен соң қала артта қалады. Оның орнына кең дала басталады. Шетелдік жолаушы үшін бұл ерекше көрініс болуы мүмкін. Себебі Қазақстанда кейде бірнеше сағат бойы терезеден тек дала мен аспанды көруге болады. Жол ұзақ болған сайын пейзаж да өзгереді. Бір жерде жасыл дала көрінсе, басқа жерде шөлейт жерлер, алыста таулар немесе шағын ауылдар пайда болады. Терезе сыртындағы Қазақстан Пойызбен саяхаттаудың ең қызықты бөлігі – терезеге қарау. Ұшақпен ұшқанда Қазақстанның үлкен аумағын бірнеше сағатта басып өтесіз. Ал пойызбен жүргенде елдің табиғатын баяу бақылауға мүмкіндік бар. Терезеден жайылып жүрген жылқыларды, қойларды, жалғыз тұрған үйлерді, шағын станцияларды көруге болады. Кейде пойыздың жанынан ауыл балалары өтіп бара жатады. Кейде алыстан мал бағып жүрген адам көрінеді. Бір қарағанда, дала бос сияқты. Бірақ мұқият қарасаңыз, оның ішінде өмір қайнап жатқанын байқайсыз. Вагондағы көршің кім? Пойыздың тағы бір ерекшелігі – жолда кездесетін адамдар. Сіздің жаныңыздағы орынға кім отыратынын алдын ала біле алмайсыз. Ол студент, мұғалім, дәрігер, кәсіпкер немесе ауылға бара жатқан қарт адам болуы мүмкін. Кейде адамдар бір-бірімен бірден сөйлесе бастайды. – Қай жерге барасыз? – Қай қаладан келдіңіз? – Кіммен бара жатырсыз? – Қазақстанға бірінші рет келуіңіз бе? Осындай қарапайым сұрақтар ұзақ әңгімеге айналып кетуі мүмкін. Егерде осындай сұрақтар қойылса, таңғалмаңыз. Бұл қазақтың қал–жағдай сұрасу әдебі. Қазақ қоғамында пойыздағы адамдардың бір-біріне шай, тамақ ұсынуы да таңғаларлық емес. Бірнеше сағат бұрын таныс емес адам сапар соңында жақсы таныс адамға айналуы мүмкін. Рельстегі ұзақ әңгіме Пойыздағы уақыттың өз атмосферасы бар. Біреулер кітап оқиды, біреулер телефон қарайды, енді біреулер ұйықтайды. Ал кейбір жолаушылар шай ішіп отырып әңгімелеседі. Пойызда шайдың орны ерекше. Ыстық шай, терезе сыртындағы дала және дөңгелектің бірқалыпты дыбысы – ұзақ сапардың өзін ерекше етеді. Кейде дәл осындай сапарда адамдар өз өмірі туралы, туған жері туралы немесе Қазақстанның әртүрлі қалалары туралы әңгімелейді. Бір пойыз – бірнеше қала Қазақстанда пойызбен саяхаттағанда бір сапардың ішінде бірнеше түрлі қаланы көруге болады. Мысалы, пойыз үлкен қаладан шығып, кейін шағын елді мекендерден өтеді. Жол бойындағы әр станцияның өзіндік ерекшелігі бар. Бір жерде тау жақын орналасса, басқа жерде кең дала ғана көрінеді. Бір қала заманауи ғимараттарымен ерекшеленсе, басқа қала өзінің тарихымен танымал. Сондықтан пойыз – Қазақстанның әртүрлі өңірлерін байланыстыратын үлкен жол. Пойыздағы түн Күн батып, дала қараңғыланады. Терезеден енді табиғатты анық көру қиын. Вагонда жарық жанады. Кейбір жолаушылар ұйықтауға дайындалады. Біреулер әлі де әңгімелесіп отырады. Пойыз түн ішінде де тоқтамай жүре береді. Сыртта – қараңғы дала. Іште – әртүрлі адамдардың тыныш өмірі. Бір вагонда ондаған адам ұйықтап жатса да, әрқайсысының өз тарихы, өз мақсаты және баратын жері бар. Таңғы Қазақстан Таңертең терезеден қарасаңыз, пейзаж тағы өзгергенін көресіз. Күн жаңа ғана шығып келеді. Даланың үстіне алтын түсті жарық түседі. Пойыз бір ауылдың жанынан өтіп бара жатады. Алыста жылқылар жайылып жүреді. Кеше кешке көрген жеріңіз бен бүгін таңертеңгі көрініс мүлде басқа сияқты.Сонда сіз бір нәрсені түсінесіз: Қазақстанды пойызбен аралау – бір елдің ішінде бірнеше түрлі әлемді көру. Пойыз – Қазақстанды танудың бір жолы Қазақстанды ұшақпен тез аралауға болады. Бірақ пойызбен саяхаттау – мүлде басқа тәжірибе. Пойыз сізге елдің табиғатын көруге, адамдармен сөйлесуге, ауылдар мен қалалардың арасындағы айырмашылықты байқауға мүмкіндік береді. Ең бастысы – пойызда сіз жай ғана жолаушы болмайсыз. Сіз жолдағы өмірдің бір бөлігіне айналасыз. Бір тәуліктен кейін пойыз межелі жерге жетеді. Жолаушылардың бір бөлігі түсіп қалады, жаңа адамдар мінеді. Біреулер қоштасады, біреулер жаңа сапарын бастайды. Ал пойыз қайтадан жолға шығады. Рельстер созылып жатыр. Терезе сыртында – Қазақстан. Ал вагон ішінде – жаңа әңгімелер басталып жатыр. Авторы: Гүлжиһан Көбденова