Kazakh Text
Қазақстанға алғаш келген шетелдік адамды бір нәрсе жиі таңғалдырады: қазақтар қонаққа барғанда неге міндетті түрде бір нәрсе алып барады?
Бұл міндетті заң емес. Бірақ қазақ қоғамында қонаққа құр қол бармау – жақсы әдеттердің бірі. Біреу үйге кіргенде қолында тәтті, жеміс, торт, сусын немесе балаларға арналған шағын сыйлық болуы мүмкін.
Сырт көзге бұл қарапайым нәрсе сияқты көрінеді. Бірақ оның артында қазақ халқының қонақжайлығы мен адамдар арасындағы сыйластық жатыр.
Француз жігіті Жюль Қазақстанда досының отбасымен танысып жүр. Бір күні досы:
– Бүгін бізді бір жолдасым қонаққа шақырып жатыр, – дейді.
Жюль дайындалып, жақсы киімін киеді. Бірақ досының дүкенге кіріп кеткенін көріп:
– Бізге бірдеңе керек пе? – деп сұрайды.
– Иә, үйге құр қол бармаймыз, – дейді досы.
Олар дүкеннен жеміс, тәтті және шай алады.
Жюль таңғалып сұрады: – Бірақ біз жай ғана қонаққа барамыз ғой. Неге сонша зат алу керек?
Досы күлімсіреп:
– Бұл заттың бағасында емес. «Сіздерді ойлап келдім» деген мағынада. Сыйлықтың бағасы емес, ниеті маңызды, – деп түсіндіреді.
Жюль сол кезде бұл дәстүрдің мәнін түсіне бастайды.
Қазақтар үшін қонаққа апаратын сыйлық міндетті түрде қымбат болуы керек емес. Біреу үйге жеміс әкеледі. Біреу тәтті немесе торт алады. Балалар бар болса, оларға кішкентай сыйлық әкелуі мүмкін. Ауылға қонаққа барған адам кейде үйдің дастарқанына арналған азық түлік немесе өз ауылынан әкелген өнімін ұсынады.
Мұнда ең маңыздысы – сыйлықтың бағасы емес, ниет. «Мен сіздің үйіңізге қонақ болып келдім және сізді құрметтеймін» деген мән жатыр.
Қазақ қоғамында үлкен адамдарға құрмет көрсету ерекше маңызды. Егер қонақтың ішінде жасы үлкен адам болса, жастар оған алдымен сәлем береді, орын ұсынады. Дастарқан басында да үлкен адамның орны ерекше болуы мүмкін. Мысалы, Жюль дастарқанға бірінші болып отырайын деп еді. Бірақ досы:
– Асықпа. Алдымен үлкендер отырсын, – дейді.
Жюль мұны бірден түсінбей:
– Неге? – деп сұрады.
– Себебі біз үлкен адамды сыйлаймыз.
Бұл жерде әңгіме тек орын туралы емес. Үлкенге жол беру – тәрбиенің белгісі.
Қазақ үйіне келген қонақ көбіне дайын дастарқанды көреді. Шай, бауырсақ, нан, тәттілер, салаттар және басқа тағамдар қойылады. Кейде дастарқан өте үлкен болады. Шетелдік адам:
– Мен бәрін жеуім керек пе? – деп сұрауы мүмкін.
Әрине, бәрін жеу міндетті емес. Бірақ қонақтың дастарқаннан дәм татуы маңызды. Дастарқанға үлес қосу деген ұғым бар. Қонақ та бос отырмай, дастарқанға өз үлесін қосуға тырысады. Мысалы, тәтті сатып әкелуі немесе дастарқан жинауға көмектесуі мүмкін. Бұнда «Мен тек алу үшін емес, бөлісу үшін келдім» деген түсінік бар.
Қазақтың дастарқанынан «Тағы да шай ішіңіз!» дегенді жиі естисіз. Қазақтың үйінде қонаққа шай ұсыну өте жиі кездеседі.
– Шай ішіңіз.
– Рақмет, іштім.
– Тағы бір кесе ішіңіз.
Кейде осы қысқа диалог бірнеше рет қайталанады. Шетелдік адам алғашында таңғалуы мүмкін. «Мен жаңа ғана шай ішкен жоқпын ба?» деп ойлайды. Бірақ қазақ үшін шай – тек сусын емес. Шай үстіндегі әңгіме адамдарды жақындастырады. Қонақ асықпай отырсын, әңгіме айтсын, өзін еркін сезінсін деген ниет бар.
Қазақ мәдениетінде қонаққа бару тек тамақ ішу немесе уақыт өткізу емес. Бұл – туыстармен, достармен және жақын адамдармен қарым-қатынасты сақтау тәсілі. Адамдар бір-бірінің үйіне барып, жағдайын сұрайды. Үлкендердің батасын алады. Жаңалықтарымен бөліседі. Кейде бірнеше сағат бірге отырып сөйлесудің өзі адамдардың арасындағы байланысты күшейтеді. Сондықтан «қонаққа бару» деген сөздің артында адамдардың бір-біріне көңіл бөлуі, қарым-қатынасты сақтау жатыр.
Жюль Қазақстанда бірнеше апта жүргеннен кейін бұл дәстүрге үйреніп қалады.
Бір күні оның өзі досының үйіне бара жатып, дүкенге кіріп шығады.
Қолына жеміс пен тәтті алады.
Досы күліп:
– Не істеп жатырсың?
Жюль:
– Құр қол бармаймыз ғой, – дейді.
Осылайша ол қазақтың бір қарапайым дәстүрін өзі қабылдап үлгергенін түсінеді.
Қазақ мәдениетінде: «Сыйлықтың үлкен-кішісі жоқ, ниеттің үлкен-кішісі бар». Қонаққа құр қол бармау – біреуге зат беру ғана емес. Бұл – «Мен сізді ойладым», «Сізді құрметтеймін», «Бүгінгі қуанышты бірге бөлісейік» деген үнсіз сөз жатыр.
Сондықтан қазақ үйінің есігін қаққан адамның қолында кейде кішкентай ғана сыйлық болады. Ал үйдің ішінде оны үлкен дастарқан, ыстық шай және: «Келгеніңіз қандай жақсы болды!» деген жылы сөз күтіп тұрады.
Себебі кейбір мәдени ерекшеліктерді кітаптан оқып түсіну қиын. Оларды өмірде көріп, өзің жасап көргенде ғана сезінесің.
Авторы: Гүлжиһан Көбденова