Ертеде өте бай адамның үш баласы болған екен. Бір күні ол балаларына сұрақ қояды:
– Мен қайтыс болсам, мені қалай көмесіңдер? – деп сұрайды.
Үлкен баласы: – Әке, сіз қайтыс болсаңыз, малымыздың төрттен бір бөлігін сізді жерлеуге жұмсаймын, – дейді.
Оның сөзін естіген ортаншы баласы: – Мен малымыздың жартысын жұмсаймын. Ағамның айтқаны аз, – дейді.
Кіші баласы ештеңе айтпады.
Әкесі оның үнсіз отырғанына таңғалады: – Ал сен не істейсің? – деп сұрайды.
Кіші баласы: – Әке, оны қазір айта алмаймын. Адам болашақта қандай жағдай болатынын білмейді. Сол кездегі жағдайға қарай әрекет етемін, – деп жауап береді.
Сонда бай кіші баласына:
– Сен ағаларыңа қарағанда ақылды екенсің, – депті.
Біраз уақыттан кейін елге жау шауып, халықтың мал-мүлкін тонайды. Сол кезде бай қайтыс болады. Байға жаназа оқитын адам табылмайды. Балалары әкесін өздері жерлейді.
Сонда кіші баласы: – Әке, сіздің өліміңіз осылай болды. Біз сізді осылай жерледік. Мен алдын ала не болатынын білмедім. Сондықтан нақты ештеңе айтпадым, – деген екен.
Дереккөз
А.Диваев. Тарту (жинақ) / Жинаған –– Ташкент: Қазақ мемлекет баспасы, 1924 ж. – (93б).