Сайт әзірлену үстінде — кейбір мүмкіндіктер әлі толық жұмыс істемеуі мүмкін.
Адаптацияланған мәтіндерге оралу
Есті бала
B2 - Ортадан жоғары · 196 сөз

Есті бала

Аудио плеер
0:00 --:--
Ертеде бір дәулетті адам өмір сүріпті. Оның үш ұлы болыпты. Бір күні бай балаларын қасына шақырып алып: – Мен бұл дүниеден өткен соң, мені қалай жерлейсіңдер? – деп сұрапты. Үлкен ұлы көп ойланбастан: – Әке, егер сіз қайтыс болсаңыз, мал-мүлкіміздің төрттен бір бөлігін жұмсап, сізге лайықты жерлеу рәсімін жасаймын, – депті. Оның сөзін естіген ортаншы ұлы: – Мен малдың жартысын жұмсар едім. Ағам сараңдық жасап тұр, – деп жауап беріпті. Бай екі ұлының жауабын тыңдап болған соң, кіші ұлына қарайды. Алайда ол үндемепті. – Балам, сен неге жауап бермейсің? Сенің ойың қандай? – деп сұрапты әкесі. Сонда кіші ұлы: – Әке, адамның ертеңгі күнін алдын ала болжау қиын. Қазір сізге нақты қандай жағдай болатынын білмей тұрып, «осылай істеймін» деп уәде беру дұрыс емес, – деп жауап беріпті. Бай кенже ұлының сөзіне риза болып: – Екі ағаң надан екен, кенжем, сен ақылды екенсің, – депті. Арада біраз уақыт өткен соң, елге жау шауып, халықтың мал-мүлкін тонапты. Дәл осы кезде бай да дүниеден өтіпті. Байға жаназа оқитын адам да табылмапты. Амалсыздан оның балалары әкесін өздері жерлепті. Сол кезде кенже ұлы әкесінің қабірінің басында отырып: – Әке, сенің өлісің осы болды, менің көмісім осы болды , – деген екен.
А.Диваев. Тарту (жинақ) / Жинаған –– Ташкент: Қазақ мемлекет баспасы, 1924 ж. – (93б).