Ертеде бір дәулетті адам өмір сүріпті. Оның үш ұлы болыпты. Бір күні бай балаларын қасына шақырып алып:
– Мен бұл дүниеден өткен соң, мені қалай жерлейсіңдер? – деп сұрапты.
Үлкен ұлы көп ойланбастан:
– Әке, егер сіз қайтыс болсаңыз, мал-мүлкіміздің төрттен бір бөлігін жұмсап, сізге лайықты жерлеу рәсімін жасаймын, – депті.
Оның сөзін естіген ортаншы ұлы:
– Мен малдың жартысын жұмсар едім. Ағам сараңдық жасап тұр, – деп жауап беріпті.
Бай екі ұлының жауабын тыңдап болған соң, кіші ұлына қарайды. Алайда ол үндемепті.
– Балам, сен неге жауап бермейсің? Сенің ойың қандай? – деп сұрапты әкесі.
Сонда кіші ұлы:
– Әке, адамның ертеңгі күнін алдын ала болжау қиын. Қазір сізге нақты қандай жағдай болатынын білмей тұрып, «осылай істеймін» деп уәде беру дұрыс емес, – деп жауап беріпті.
Бай кенже ұлының сөзіне риза болып:
– Екі ағаң надан екен, кенжем, сен ақылды екенсің, – депті.
Арада біраз уақыт өткен соң, елге жау шауып, халықтың мал-мүлкін тонапты. Дәл осы кезде бай да дүниеден өтіпті. Байға жаназа оқитын адам да табылмапты. Амалсыздан оның балалары әкесін өздері жерлепті.
Сол кезде кенже ұлы әкесінің қабірінің басында отырып:
– Әке, сенің өлісің осы болды, менің көмісім осы болды , – деген екен.
Source
А.Диваев. Тарту (жинақ) / Жинаған –– Ташкент: Қазақ мемлекет баспасы, 1924 ж. – (93б).