Бір күні Тобықтының беделді адамдары Абайдың үйіне жиналады. Олар әңгіме-дүкен құрып отырады. Сол кезде олардың мәжілісіне Қиясбай кіріп келеді. Алайда отырғандардың ешқайсысы оған назар аударып, амандасып немесе жағдайын сұрамайды.
Қиясбай біраз уақыт үнсіз тұрады да, дауыстап:
– Уа, жақсы адамдар, Абай ағаммен оңаша сөйлесетін шаруам бар. Барлығыңыз сыртқа шыға тұрыңыздар!-дейді.
Оның бұл сөзі отырған адамдарға күтпеген жағдай болады. Олар ашуланып, бір-біріне қарап, соңында Абайға қарайды.
Абай болса:
– Қиясбайдың менімен оңаша сөйлесетін шаруасы болса, сыртқа шыға тұрыңыздар,-дейді.
Жұрт амалсыздан сыртқа шығады. Абай мен Қиясбай үйде оңаша қалады.
– Не болды, Қиясжан?-дейді Абай.
Қиясбай:
– Абай аға, маған ренжімеңіз. Жаңағы адамдар мені адам құрлы көрмеді. Мен оларға қадірім бар екенін көрсеткім келді. Сондықтан әдейі солай айттым,-дейді.
Абай Қиясбайдың тапқырлығына риза болып күледі.
– Қияс, тапқырлығың үшін саған қой берейін. Алып кете аласың ба?-дейді.
Қиясбай жымиып:
– Алып кетпейтін несі бар? Абай ағам қойды өзі әкеліп бермейді, айдатып жібереді,- дейді.
Абай оның тағы бір тапқыр жауабына күледі де, Қиясбайға он шақты қой айдатып жібереді.
Дереккөз
Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Астана: «Фолиант», 2013. Т. 96: Ауызекі әңгімелер. – 432 б.