This site is in development — some features may not work fully yet.
Back to adapted texts
Абай мен Қиясбай (үзінді)
B1 - Intermediate · 162 words

Абай мен Қиясбай (үзінді)

Audio player
0:00 --:--
Бір күні Тобықтының беделді адамдары Абайдың үйіне жиналады. Олар әңгіме-дүкен құрып отырады. Сол кезде олардың мәжілісіне Қиясбай кіріп келеді. Алайда отырғандардың ешқайсысы оған назар аударып, амандасып немесе жағдайын сұрамайды. Қиясбай біраз уақыт үнсіз тұрады да, дауыстап: – Уа, жақсы адамдар, Абай ағаммен оңаша сөйлесетін шаруам бар. Барлығыңыз сыртқа шыға тұрыңыздар!-дейді. Оның бұл сөзі отырған адамдарға күтпеген жағдай болады. Олар ашуланып, бір-біріне қарап, соңында Абайға қарайды. Абай болса: – Қиясбайдың менімен оңаша сөйлесетін шаруасы болса, сыртқа шыға тұрыңыздар,-дейді. Жұрт амалсыздан сыртқа шығады. Абай мен Қиясбай үйде оңаша қалады. – Не болды, Қиясжан?-дейді Абай. Қиясбай: – Абай аға, маған ренжімеңіз. Жаңағы адамдар мені адам құрлы көрмеді. Мен оларға қадірім бар екенін көрсеткім келді. Сондықтан әдейі солай айттым,-дейді. Абай Қиясбайдың тапқырлығына риза болып күледі. – Қияс, тапқырлығың үшін саған қой берейін. Алып кете аласың ба?-дейді. Қиясбай жымиып: – Алып кетпейтін несі бар? Абай ағам қойды өзі әкеліп бермейді, айдатып жібереді,- дейді. Абай оның тағы бір тапқыр жауабына күледі де, Қиясбайға он шақты қой айдатып жібереді.
Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Астана: «Фолиант», 2013. Т. 96: Ауызекі әңгімелер. – 432 б.