Сайт әзірлену үстінде — кейбір мүмкіндіктер әлі толық жұмыс істемеуі мүмкін.
Адаптацияланған мәтіндерге оралу
Зеректік
B2 - Ортадан жоғары · 288 сөз

Зеректік

Аудио плеер
0:00 --:--
Екі жолаушы келе жатып, түйесін іздеп жүрген бір адамға кездеседі. – Менің түйем жоғалды. Жолда келе жатқанда, түйемді көрдіңдер ме? – деп сұрайды ол. Жолаушылардың бірі: – Түйеңіздің оң көзі соқыр ма еді? – деп сұрайды. – Иә, – дейді түйенің иесі. Екінші жолаушы: – Сол жақ артқы аяғы ақсақ па еді? – деп сұрайды. – Дұрыс айтасыңдар, сол аяғы ақсақ болатын, – дейді ол. Сонда бірінші жолаушы: – Түйеңіздің құйрығы қысқа ма еді? – деп сұрайды. – Иә, құйрығы қысқа еді. Енді айтыңдаршы, оны қайдан көрдіңдер? – деп асыға сұрайды түйенің иесі. – Біз түйені көрген жоқпыз, – дейді жолаушылар. Бұл жауапқа түйенің иесі күдіктеніп: – Түйені көрмей, оның белгілерін қалайша дәл білдіңдер? Әлде түйемді сендер ұрладыңдар ма? – деп оларды айыптайды. Жолаушылар: – Біз түйеңізді ұрламақ түгілі, оны көрген де жоқпыз. Біз мал бағып өскен адамдармыз. Малды жақсы білеміз, – деп жауап береді. Алайда түйенің иесі олардың сөзіне толық сенбей, істі биге апарады. Би екі жақты да тыңдап болған соң, жолаушыларға: – Егер түйені көрмеген болсаңдар, оның оң көзі соқыр екенін, сол жақ артқы аяғы ақсақ екенін және құйрығының қысқа екенін қалай анықтадыңдар? – деп сұрайды. Жолаушылар өздерінің байқаған белгілерін түсіндіреді. – Түйенің оң көзі соқыр екенін оның жол бойындағы шөпті жегенінен байқадым, – дейді бірінші жолаушы. – Түйе үнемі жолдың сол жағындағы шөпті ғана жеген. Ал оң жағындағы шөпке тимеген. Демек оның оң көзі көрмейді деп ойладым. Екінші жолаушы: – Ал оның сол жақ артқы аяғының ақсақ болу себебін түйе тоқтап, шөп жеген кезде сол аяғын көтеріп тұрған ізінен байқадым. Бірінші жолаушы соңғы белгіні де түсіндіреді: – Құйрығының қысқа екенін оның тастаған құмалағынан білдік. Оның құмалағы әдеттегіден алысқа түскен. Құйрығы ұзын мал құмалағын алысқа тастай алмайды. Біз мал баққандықтан, мұндай ерекшелікті жақсы білеміз, - депті.
А.Байтұрсынұлы. Алты томдық шығармалар жинағы. ІІ том.