Әйтекенің әкесі Бәйбек пен Қосуақ би көрші тұрған екен. Бір күні Қосуақ биге бірнеше би және дауы бар адамдар келеді. Олар бұрын бір-бірінен алған малдарын санай алмайды. Өзара дауласа бастайды. Әр адам өз сөзін дұрыс деп санайды.
Олар бір-бірімен дауласып, қатты сөйлеседі. Қосуақ бидің де сөзін тыңдамайды.
Сол кезде киіз үйдің жанында бірнеше бала «Хан талапай» ойнап отырады. Балалардың бірі:
– Би біреу, қалғаны тіреу болуы керек,-деп қайталай береді.
Оның сөзін билердің бірі естіп қалады.
– Мына бала не айтып отыр? Тыңдаңдаршы!-дейді ол.
Балаға:
– Бұл сөзіңді кімге айтып отырсың?-деп сұрайды.
Бала:
– Керекті кісісіне айтып отырмын,-деп жауап береді. Сол жерге асығын тастап, кетіп қалады.
Жиналған билер баланың сөзін түсінеді. Олар Қосуақ биге:
– Біз сіздің шешіміңізге көндік. Не айтсаңыз да, келісеміз, -дейді.
Осылайша олар Қосуақ бидің шешімін қабылдайды.