Әйтекенің әкесі Бәйбек пен Қосуақ би көрші тұрған екен. Бір күні Қосуақ биге бірнеше би мен дауласушы адамдар келеді. Олар бұрын бір-бірінен алған малдарының есебін шығара алмай, дауды ұзақ уақыт шеше алмай жүреді.
Әрқайсысы өз сөзін дұрыс санап, өз дегенінен қайтпайды. Ақырында олар бір-бірімен қатты дауласады. Өздері арнайы кеңес сұрап келген Қосуақ бидің сөзін де тыңдамайды.
Осы кезде киіз үйдің жанында, көлеңкеде бірнеше бала «Хан талапай» ойнап отырады. Солардың біреуі:
– Би біреу, қалғаны тіреу болуы керек,-деп қайта-қайта айтады.
Балалар ойнап отырған сияқты көрінгенімен, оның сөзін билердің бірі естіп қалады.
– Мына бала не айтып отыр? Тыңдаңдаршы!-дейді ол.
Содан кейін балаға:
– Әй, балақай, мына сөзіңді кімге айтып отырсың? -деп сұрайды.
Бала асығын қолынан тастап:
–Керекті кісісіне айтып отырмын,-дейді де, кетіп қалады.
Баланың сөзін естіген адамдар оның ойын түсінеді.
– Баланың аузына құдай салған шығар. Біз сіздің шешіміңізге көндік,-деп, Қосуақ бидің айтқанына келіседі. Осылайша балалардың арасында айтылған бір ауыз сөз үлкен дауды шешуге себеп болады.