Бір күні Жиренше ханның үйінде отырған екен. Бір адам ханға піскен қаздың етін сыйға алып келіпті. Сонда хан Жиреншеге:
– Сен сөзге шеберсің, әр нәрсеге де шебер шығарсың. Мына қаздың етін маған, ханымға, екі ханзадаға, екі қаныкейге және өзіңе, яғни жеті адамға бөліп бер, – депті.
Сонда Жиренше пышағын алып, қаздың басын кесіп:
– Міне, сіз әрі хансыз, әрі халықтың басысыз. Бұл басты сізден басқа кім жейді? – деп, басты ханға береді.
Екі аяғын кесіп, екі ханзадаға:
– Сіздер әкелеріңіздің ізін басып, хан боласыздар, – дейді.
Екі қанатын кесіп, екі қаныкейге:
– Сіздер шетелге осы екі қанатпен ұшасыздар, – дейді.
Қаздың артқы жағын кесіп, бәйбішеге:
– Сіз әрі ханымсыз, әрі бәйбішесіз. Бұл – қаздың жаясы. Мұны сізден басқа кім жейді? – дейді.
– Мен қаздың басын алмаймын, хан емеспін. Жаяны да алмаймын, ханым емеспін. Аяқты да алмаймын, ханзада емеспін. Қанатты да алмаймын, қаныкей емеспін. Маған қаздың ортасы да болады, – деп, қаздың бар етін алып, үйіне кетіпті.
Сөздік:
қаз - goose
шебер - skilful; skilled
ханзада - prince; a khan’s son
қаныкей - a khan’s daughter; princess
бәйбіше - wife; senior wife in a polygamous household
жая - rump; here, the rear part of a goose
ізін басу - to follow in someone’s footsteps