Бір күні Тобықтының бірнеше беделді адамы Абайдың үйіне жиналады. Олар әңгімелесіп отырады. Сол кезде Қиясбай үйге кіріп келеді. Бірақ адамдар оған назар аудармайды.
Қиясбай біраз уақыт үнсіз тұрады да, дауыстап:
– Абай ағаммен жеке сөйлесуім керек. Бәріңіз сыртқа шыға тұрыңыздар!-дейді.
Үйдегі адамдар оның сөзіне таңқалады. Олар бір-біріне қарап, кейін Абайға қарайды.
Абай:
– Қиясбайдың менімен жеке сөйлесетін шаруасы болса, сыртқа шыға тұрыңыздар,-дейді.
Адамдар амалсыздан сыртқа шығады.
Абай Қиясбай екеуі қалған кезде:
– Не болды, Қиясжан?-деп сұрайды.
Қиясбай:
– Абай аға, маған ренжімеңіз. Жаңағы адамдар мені адам сияқты сыйламады. Мен оларға күшімді көрсеткім келді. Сондықтан әдейі солай айттым, -дейді.
Абай оның сөзіне қатты күледі.
– Қияс, тапқырлығың маған ұнады. Саған қой берейін. Алып кете аласың ба? – дейді.
Қиясбай күлімсіреп:
– Алып кетемін. Сіз бір емес, бірнеше қой бересіз,-дейді.
Абай қатты күледі.
Содан кейін Қиясбайға бір емес, он шақты қой береді.
Source
Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Астана: «Фолиант», 2013. Т. 96: Ауызекі әңгімелер. – 432 б.